Америкалықтар 2001 жылы 11 қыркүйекте болған шабуылдың 24 жылдығын салтанатты рәсімдермен және құрбандарды еске алуға арналған өзге де шаралармен атап өтуде.
Шабуылдарда қаза тапқан шамамен 3 мың адамның жақыны бейсенбі күні Нью-Йорк, Пентагон және Пенсильваниядағы Шэнксвилл қалашығындағы еске алу рәсімдеріне қатысады. Ал халық бұл күнді шағын басқосулармен өткізуді жөн көреді.
Дүниежүзілік сауда орталығына жасалған шабуылда әкесі Роберт Линчтен айырылған Джеймс Линч отбасымен бірге Нью-Джерсидегі туған жеріне жақын маңда өтетін рәсімге қатысып, кейін жағажайда уақыт өткізетінін айтты. «Мұндай қасіреттің жарасы ешқашан толық жазылмайды деп ойлаймын», – деді ол. Джеймс Линч сүйіктісі және анасымен бірге Манхэттенде өткен 11 қыркүйек шабуылын еске алуға арналған қайырымдылық шарасына қатысып, мыңдаған еріктімен бірге мұқтаж жандарға тағам әзірлеген. «Осы қасіреттен бақытты табу – менің есеюімнің үлкен бір бөлігі болды», – деді ол.
Еске алу рәсімдері саяси шиеленістер артқан кезеңде өтіп жатыр. Әдетте Ұлттық бірлік күні ретінде атап өтілетін 11 қыркүйек консервативті белсенді Чарли Кирктің Юта штатындағы университетте сөйлеп тұрған жерінде атылып өлтірілуінен бір күн өткен соң ұйымдастырылуда.
Қаза тапқандардың есімдерінің оқылуы мен бір минут үнсіздік
Билік өкілдерінің айтуынша, Кирктің өлтірілуі Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығында өтетін 11 қыркүйекті еске алу рәсімдерінде қосымша қауіпсіздік шараларының енгізілуіне себеп болуы мүмкін.
Манхэттеннің төменгі бөлігінде орналасқан «нөлдік нүктеде» шабуыл құрбандарының есімдері олардың отбасылары мен жақындары тарапынан дауыстап оқылады. Рәсімге АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен жұбайы Уша Вэнс қатысады. Алып қашырылған ұшақтардың Дүниежүзілік сауда орталығының әйгілі егіз мұнараларына соғылып, ғимараттардың құлаған сәтінде үнсіздік жарияланады.
Вирджиниядағы Пентагонда террористер бір жолаушы ұшағын АҚШ әскери штабына бұру салдарынан қаза тапқан 184 әскер мен бейбіт тұрғын еске алынады. Президент Дональд Трамп пен жұбайы Мелания Трамп бұл рәсімнен кейін бейсенбі күні кешке Бронкста өтетін «New York Yankees» бен «Detroit Tigers» арасындағы бейсбол матчына бармақ.
Пенсильваниядағы Шэнксвилл қаласына жақын ауылдық жерде экипаж бен жолаушылардың кокпитке шабуыл жасау әрекетінен кейін құлаған 93 нөмірлі рейс ұшағының құрбандарын да еске алу рәсімі өтеді. Онда есімдер оқылып, бір минуттық үнсіздік жарияланады, гүл шоқтары қойылады. Бұл рәсімге Ардагерлер министрі Даг Коллинз қатысады.
Линч секілді елдің түкпір-түкпіріндегі адамдар да 11 қыркүйек күнін қайырымдылық пен қоғамдық қызмет көрсету арқылы еске алуда. Еріктілер азық-түлік пен киім жинап, саябақтар мен көшелерді тазалауда. Қан тапсырып және өзге де қоғамдық шараларға қатысуда.
Шабуылдардың жаңғырығы әлі де жалғасуда
Шабуылдарда барлығы 2 977 адам қаза тапты. Олардың арасында Дүниежүзілік сауда орталығындағы көптеген қаржы қызметкері мен өртенген ғимараттарда адамдарды құтқаруға ұмтылған өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері де бар. Бұл оқиға әлемдік деңгейде резонанс тудырып, АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатының бағытын өзгертті. Шабуыл «Терроризмге қарсы жаһандық соғыс» пен АҚШ жетекшілік еткен Ауғанстан мен Ирактағы басқыншылықтарға ұласып, жүздеген мың әскер мен бейбіт тұрғынның өмірін қиды.
Ұшақтарды айдап әкеткендердің барлығы шабуылдарда өлгенімен, АҚШ үкіметі бұл қастандықтың ұйымдастырушысы деп айыпталған Халид Шейх Мұхаммедке қатысты ұзаққа созылған сот процесін аяқтай алмай келеді. «Әл-Каида» ұйымының бұрынғы жетекшісі 2003 жылы Пәкістанда ұсталып, кейін Кубадағы Гуантанамо шығанағындағы АҚШ әскери базасына жеткізілді. Алайда әлі күнге дейін сотталмаған.
Жыл сайынғы еске алу рәсімі егіз мұнаралардың орнында қаза тапқандардың есімдері қашалған, парапеттермен қоршалған, екі естелік субұрқақ орналасқан Ұлттық 11 қыркүйек ескерткіші мен мұражайында өтті. Қазіргі уақытта Майкл Блумберг басқаратын (Трамп жиі сынға алатын) қоғамдық қайырымдылық ұйымы басқаратын бұл кешенді Трамп әкімшілігі федералдық үкіметтің қарамағына өткізіп, ұлттық ескерткішке айналдыруды қарастыруда.
АҚШ үкіметі мұнаралар құлаған кезде Манхэттеннің кейбір аймақтарына тараған уытты шаңнан зардап шеккен ондаған мың адамға медициналық қызмет пен өтемақы төлеу үшін миллиардтаған доллар жұмсады.

















