«ASELSAN» «IoT» жер серігін ұшырды
Спутник алыс аймақтардағы «IoT» қолданбаларын қолдауға арналған және кең ауқымды, төмен қуатты, ұзақ мерзімді байланыс пен деректерді аз кідіріспен жеткізуді қамтамасыз етеді.
Түркияның қорғаныс компаниясы «Aselsan» «LUNA-1» атты төмен орбиталы «Заттар интернеті» (IoT) жер серігін «SpaceX Falcon-9» зымыранымен ұшырғанын хабарлады.
«Aselsan» дүйсенбі күні түрік әлеуметтік желісі «Nsosyal» арқылы жасаған мәлімдемесінде «ASELSAN»-ның төмен Жер орбитасындағы «IoT» жер серігі «LUNA-1» «SpaceX Falcon-9» зымыранымен ұшырылды және Анкарадағы станциямыз алғашқы телеметриялық сигналдарды қабылдады», - деп хабарлады.
Жүктемелер, жерүсті басқару бағдарламалық қамтылымы және ұшу компьютерімен бірге жобалау, әзірлеу, өндіріс, интеграция және сынақ үрдісі «Aselsan» инженерлері тарапынан жасалған «LUNA-1» ұшырылғаннан кейін шамамен бір сағат өткен соң тасығыш зымыраннан ажырап, 510 км биіктіктегі Күн-синхронды орбитаға орналасты. Жер серігінен алынған алғашқы телеметриялық деректер Анкарадағы жер станциясында сәтті оқылып, аппараттың дұрыс жұмыс істеп тұрғаны расталды.
«Aselsan»-ның мәлімдеуінше, бұл жер серігі спутниктік «IoT» байланысын қамтамасыз етіп, инфрақұрылым жоқ өңірлерден деректер жинай алады, кең аумаққа арналған сенсорлық байланыс, төмен қуатты әрі ұзақ мерзімді «IoT» қосылымы, сондай-ақ төмен кідірісті деректерді беру мүмкіндігін ұсынады.
Басқа бір мәлімдемеде, әлемде төмен орбиталы жер серіктері арқылы ғаламдық байланыс инфрақұрылымын құру қарқын алғаны айтылып, «Aselsan»-ның «Жаңа ғарыш» кезеңінде маңызды актер болу мақсатына қарай шешуші қадам басқаны атап өтілді.
«Aselsan» бас директоры Ахмет Акйол: «Төмен орбиталы «IoT» жер серігіміз «LUNA-1» енді ғарышта. «LEO» орбита шешімдеріне қатысты жұмыстарымызды жеделдетеміз», - деді.
Бұл қадаммен Түркия төмен орбитада дерек алмасуды қамтамасыз ететін ұлттық «IoT» спутниктік желісін құру жолында жаңа кезеңге өтті.
«LUNA-1» тіпті сенсорларды онлайн күйде ұстау қиын аймақтардың өзінде тұрақты байланысты қамтамасыз етуді мақсат етеді. Төмен орбиталы спутник нақты уақыт режимінде, үздіксіз және арзан «IoT» қолжетімділігін қамтамасыз етеді.