Президент Ердоған Әл-Фаширдегі бейбіт тұрғындардың қырғынын айыптады
Ердоған Суданның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау қажет екенін айтып, гуманитарлық көмек пен даму саласындағы қолдауды жалғастыратындарына уәде берді.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Суданның Әл-Фашир аймағындағы қырғынды қатаң айыптап, Африка елінің аумақтық тұтастығы мен егемендігінің сақталу қажет екенін атап өтті.
Ердоған дүйсенбі күні Стамбулда өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының Экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты комитетінің 41-сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде «Соңғы күндері Әл-Фаширде бейбіт тұрғындарға қарсы жасалған қырғындарды жүрегі бар ешбір адам қабылдай алмайды, біз бұған үнсіз қала алмаймыз», - деді.
Президент Суданның аумақтық тұтастығын, егемендігі мен тәуелсіздігін сақтау қажеттігін атап өтіп, Судан халқының жанында болудың маңызын ерекше атап көрсетті. Ол Ислам әлемін төгілген қанды тоқтату үшін жауапкершілік алуға шақырды.
Ердоған сөзінің соңында «Осы қиын күндерде Судан халқының жанында болуымыз, гуманитарлық көмек пен қолдауды жалғастыруымыз аса маңызды», - деді.
Израильдің құқық бұзушылығы өте жоғары
Газа соғысына тоқталған Ердоған Палестинадағы тойтарыс тобы ХАМАС-тың атысты тоқтату туралы келісімді сақтауға бел буғанын, бірақ Израильдің құқық бұзушылығы өте жоғары екенін мәлімдеді. Президент Израиль Газадағы атысты тоқтату туралы келісімнен бері 200-ден астам бейкүнә адамды өлтіргенін және Батыс Шерияда оккупациясы мен шабуылдарын тоқтатпағанын мәлімдеді. «Біз Батыс Шерияны басып алуға, Иерусалимнің мәртебесін өзгертуге немесе біздің алғашқы құбыламыз Әл-Ақса мешітінің қасиеттілігін бұзуға жол бермейміз», - деді.