Трамп НАТО-ға мүше елдерге ескерту жасады
Трамп АҚШ-тың Ресейге қарсы соғыста Украинаға көмектескені сияқты, одақтастарының да Ормуз бұғазы мәселесінде көмегін күтетінін жеткізді.
Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) президенті Дональд Трамп егер одақтастар Иран іс жүзінде жауып тастаған маңызды мұнай тасымалдау бағыты — Ормуз бұғазын ашуға көмектеспесе, НАТО-ны «өте нашар» болашақ күтіп тұрғанын мәлімдеді.
Жексенбі күні «Financial Times» басылымына берген қысқаша сұхбатында Трамп АҚШ-тың Ресеймен соғыста Украинаға қолдау көрсеткені секілді, Еуропаның да жабылуы әлемдік энергия бағасының өсуіне әкеп соққан Ормуз бұғазы мәселесінде көмек беруін күтетінін айтты.
Көп жылдар бойы альянсты «АҚШ-тың жомарттығын пайдаланады» деп сынап келген Трамп: «Егер ешқандай жауап болмаса немесе жауап теріс болса, бұл НАТО-ның болашағы үшін өте нашар болады деп ойлаймын. Бұғаздың игілігін көріп отырғандардың ол жерде жаман жағдайдың болуына жол бермеу үшін көмектесуі әбден орынды болар еді», — деді.
Нақты қандай көмек қажет екендігі туралы сұраққа Трамп «Financial Times»-қа мина іздеуші кемелермен қатар «[Иран] жағалауындағы кейбір қауіпті субъектілерді зарарсыздандыратын күштерді» қалайтынын білдірді.
Иранмен келіссөз
Трамп Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жеті елмен келіссөз жүргізіп жатқанын, сондай-ақ Вашингтонның Иранмен байланыста екенін, бірақ Тегеранның қақтығысты тоқтату үшін мазмұнды келіссөздерге дайын екеніне күмәнмен қарайтынын айтты.
Трамп «Air Force One» бортында журналистерге өз әкімшілігінің Иранмен сөйлесіп жатқанын айта отырып, «Бірақ олардың дайын екеніне сенбеймін», — деді.
Иранға қарсы жүргізіліп жатқан соғыстың қанша уақытқа созылатыны туралы белгісіздік мұнай нарығын дүр сілкіндірді. Соңғы екі аптада жеткізілім тәуекелдеріне байланысты шикі мұнай бағасы күрт өсті.