Ормуз бұғазындағы дағдарыс жаһандық экономика үшін үлкен қауіпке айналуда
Халықаралық энергетика агенттігінің басшысы Фатих Бирол қазіргі дағдарыс жалғаса берсе, оның зардаптарынан ешбір ел тыс қала алмайтынын айтты.
Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) басшысы Фатих Бирол Иранға қарсы жүргізіліп жатқан соғыс салдарынан туындаған энергетикалық дағдарысқа байланысты жаһандық экономикаға «үлкен қауіп» төніп тұрғанын мәлімдеп, дағдарыс жалғасқан тұста оның әсерінен «ешбір ел тыс қалмайтынын» ескертті.
Бирол дүйсенбі күні Аустралия астанасындағы “National Press Club”-та сөйлеген сөзінде қазіргі энергетикалық дағдарысты 1970-жылдардағы дағдарыстармен және Ресейдің 2022 жылы Украинаға қарсы бастаған соғысының салдарымен салыстырды.
Соғыс төртінші аптасына аяқ басқанда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран шенеуніктері бір-біріне қоқан-лоққы көрсетті.
Нарыққа қосымша мұнай қоры шығарылуы мүмкін
Бирол Иран соғысына байланысты қажет болған жағдайда мұнайдың қосымша қорларын нарыққа шығару мәселесі жөнінде Халықаралық энергетика агенттігінің Азия мен Еуропадағы үкіметтермен сөйлесіп жатқанын айтты.
ХЭА-ға мүше елдер 11 наурыз күні жаһандық шикі мұнай бағасының өсуін тоқтату үшін стратегиялық қорлардан рекордтық деңгейде (400 миллион баррель) мұнай босату жөнінде келіскен болатын.