ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
2 ... минут оқылды
Жаһандық «Sumud» флотилиясы Мысырдың солтүстік жағалауына жақындап келеді
Газадағы қоршауды бұзу жөніндегі Халықаралық комитет Израильдің кез келген сәтте соғыс қылмысын жасауы мүмкін екенін мәлімдеді.
Жаһандық «Sumud» флотилиясы Мысырдың солтүстік жағалауына жақындап келеді
Жаһандық «Sumud» флотилиясы Мысырдың солтүстік жағалауына жақындап келеді / Reuters
29 Қыркүйек 2025

Ұйымдастырушылар Газаға бет алған жаһандық «Sumud» көмек флоты Мысырдың Жерорта теңізі жағалауындағы Марса Матрухтың солтүстігіне жеткенін хабарлады.

Газадағы қоршауды бұзу жөніндегі Халықаралық комитет жексенбі күні «X» платформасында жариялаған мәлімдемесінде флоттың бірнеше сағат ішінде Александрия қаласының солтүстігіне бағыт алуы күтілетінін атап өтті.

«Газаға жақындаған сайын сионистер кез келген сәтте бізге қарсы соғыс қылмысын жасауы мүмкін», – делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар «Sumud» флоты мәлімдемесінде: «Басты кемелеріміз – «OHWAYLA» және «ALL IN» қазіргі таңда Газадан бар болғаны 678 шақырым қашықтықта тұр, келу уақыты шамамен 3-4 күн. Флотымызға қосылған екі жаңа кемемен бірге кеме саны 44-ке жетті. Екі күн ішінде флот аса қауіпті аймаққа кіреді. Біз дайынбыз, алайда сіздердің қолдауларыңыз аса қажет»,- деді.

ҚатыстыTRT Қазақ - Грекия портынан шыққан кемелер "Sumud" флотына қосылды

Бұған дейін комитет журналистер мен медицина қызметкерлерін тасымалдайтын бір кеменің Израиль қоршауындағы Газаға аттанатынын мәлімдеген болатын. Берілген ақпаратқа сәйкес, 1 қазан күні жолға шығатын кеме құрамында 100-ден астам халықаралық БАҚ өкілі мен дәрігер бар.

Кедергі

Израильдің мемлекеттік арнасы «KAN» Израильдің флотты тоқтатып, бақылауға алу үшін дайындық жүргізіп жатқанын хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, флоттың төрт күн ішінде Газа жағалауына жетуі күтілуде және бұл еврейлердің Йом Киппур мерекесіне тұспа-тұс келеді.

Арнаның дерегінше, Израильдің теңіз жасақтарының «Shayetet 13» бөлімшесі соңғы күндері кемелерді қолға түсіру мақсатында жаттығу өткізген. Әскерилер бұл жаттығулардың еріктілерге зиянды барынша азайтуды көздейтінін алға тартты.

Сонымен қатар Израиль жуырда флот ұйымдастырушыларына гуманитарлық көмекті Ашкелон порты, грек билігіндегі Оңтүстік Кипр немесе Ватикан арқылы жеткізуді ұсынған. Алайда ұйымдастырушылар бұл ұсынысты қабылдамай, Тель-Авивтің арандатуы деп бағалады.

Жоспарланған Израиль операциясы іске асатын болса, «Sumud» кемесі маусым және шілде айларында «Madleen» мен «Handala» көмек кемелерінің бөгелуін қайталайтын болады.

Флот Газадағы Израиль қоршауын бұзуды және ең алдымен медициналық құралдардан тұратын гуманитарлық көмекті жеткізуді мақсат етіп, осы айдың басында жолға шыққан болатын.

2 наурыздан бері Израиль Газа өткелдерін толықтай жауып, азық-түлік пен көмек керуендерінің кіруіне тосқауыл қойып, аймақта аштық жағдайын тереңдетті.

Бұдан бұрын Израиль Газаға бағыт алған кемелерді тоқтатып, кемелерді тартып алды және белсенділерді депортациялады. Сыншылар мұндай әрекеттерді қарақшылық деп сипаттауда.

Израиль әскері 2023 жылдың қазан айынан бері Газада 66 мыңнан астам палестиналықты өлтірді. Олардың көпшілігі әйелдер мен балалар. Үздіксіз әуе шабуылдары аймақты тұруға жарамсыз етіп, аштық пен індеттің таралуына себеп болды.

Іздеу
Түркиядан Иранға гуманитарлық көмек жеткізілмек
Израиль Оңтүстік Ливанға басып кірмек
“АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде елеулі ілгерілеу бар”
Еуропалық Одақ энергия бағасын бірлесе реттеу қажеттігін мәлімдеді
Хакан Фидан ресейлік және саудиялық әріптесімен телефон арқылы сөйлесті
Украина мен Ресей шабуылдарын қайта бастады
Суданда аштық дағдарысы
Иран АҚШ-ты келіссөздерді бұзды деп айыптады
Газада ұн дағдарысы
Анталия жаһандық дипломатияның маңызды алаңына айналмақ
АҚШ Иранмен қақтығысқа қолдау білдірмеген бірқатар НАТО елінен әскери күштерін әкетпек
Ирандық дипломат АҚШ пен Израильдің «террористік» шабуылынан кейін қаза тапты
Ресей Пасха мерeкесіне орай Украинамен атысты тоқтату режимін жариялады
Ресей 1 000 украин сарбазының мәйітін қайтарды
Иран байыту бағдарламасына қандай да бір шектеу қойылуын қабылдамады