Нидерландта саяси бағыт өзгерді
Cауалнамаларға сәйкес, D66 партиясының жетекшісі Роб Йеттеннің ультраоңшыл саясаткер Герт Вилдерстің PVV партиясынан озып, 27 мандатпен бірінші орынға шығуы күтілуде.
Нидерланд сайлаушылары ультраоңшыл Герт Вилдерстен бас тартып, орталық бағыттағы партияны таңдаған сыңайлы. Еуропада ультраоңшыл күштердің күшеюі байқалып тұрған кезеңде өткен бұл кезектен тыс сайлау “Ipsos” ұйымының сауалнамаларына сәйкес үлкен қызығушылық тудырды.
Роб Йеттен басқаратын орталықшыл D66 партиясы парламенттегі 150 орынның 27-сін иеленеді деп болжанса, Вилдерстің ультраоңшыл PVV партиясы 25 мандат алады деп күтілуде. Нидерландтағы сауалнамалар әдетте парламент құрамын дәл көрсеткенімен, дауыстар санау барысында сәл өзгеруі мүмкін.
Орталық-оңшыл либерал VVD партиясының 23 мандат, ал солшыл Жасылдар/Еңбек блогының 20 мандат алатыны болжануда. Егер нәтижелер расталса, Еуропаны жақтайтын 38 жастағы Йеттен коалициялық келіссөздерге байланысты премьер-министр лауазымына басты үміткерлердің бірі болады.
D66 партиясының жақтастары Лейден қаласындағы сайлау кешінде Нидерланд пен Еуропа туларын көтеріп, жеңістерін атап өтті. «Біз қол жеткіздік», деді қуанышты Йеттен. «Бүгін миллиондаған нидерландтық жаңа парақ ашты. Олар теріс ой мен жек көру саясатына қош айтты», — деп қосты ол.
Ультраоңшылдардың жеңілісі
Ұлыбритания, Франция және Германияда ультраоңшыл партиялар сауалнамаларда алда тұрған сәтте Нидерланд сайлауы Еуропадағы ультраоңшыл күштердің ықпалын көрсететін маңызды көрсеткіш ретінде қарастырылып отырды. Егер сауалнамалар расталса, PVV 2023 жылғы жеңіспен салыстырғанда 12 мандат жоғалтқалы тұр.
Лейден университетінің Нидерланд саясаты жөніндегі профессоры Сара де Ланге: «Нидерландтағы сайлау Батыс Еуропадағы жалпы үрдістерді шынайы бейнелейді», -деді. Оның пікірінше, нәтижеден тәуелсіз, басқа барлық партиялар Вилдерспен коалиция құрудан бас тартқандықтан оның премьер-министр болу мүмкіндігі іс жүзінде жоқ еді.
62 жастағы ультраоңшыл саясаткер кейде «Нидерландтық Трамп» деп аталады. Ол бұрынғы үкіметті «ел тарихындағы ең қатаң көші-қон саясатын жүзеге асыру тым баяу жүріп жатыр» деп сынап, құлатқан болатын. Вилдерс “X” платформасында: «Сайлаушылар өз сөзін айтты. Басқаша нәтиже күттік, бірақ қағидаларымыздан еш айнымадық», - деп жазды.