Ирландия Газаға жасалған Израиль шабуылдарын айыптады
Ирландия премьер-министрі Михол Мартин Газаға жасаған және атысты тоқтату туралы келісімді бұзған Израильдің соңғы шабуылдарын қатаң сынға алды.
Сәрсенбі түні “X” платформасында жариялаған мәлімдемесінде Мартин «Газаға жасалған, 46-сы бала 100-ден астам адамның өмірін қиған шабуылдарды қатаң айыптаймын. Барлық тараптарды атысты тоқтату келісімін сақтауға және орындауға шақырамын. Сондай-ақ Газа халқына көрсетілетін гуманитарлық көмекті күшейту қажеттігін ерекше атап өтемін» деді.
Көптеген жазықсыз адамның қаза табуын ол «шын мәнінде қорқынышты» деп сипаттап, халықаралық құқық нормаларына құрметпен қарау қажеттігін тағы да еске салды.
Мартин: «Барлық тарап өз міндеттемелерін орындап, келісімнің басқа да тармақтарының жүзеге асуына күш салуы керек. Қазірдің өзінде тым көп адам зардап шекті және қаза тапты», — деді.
Мартиннің бұл мәлімдемесі Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің деректерінен кейін жасалды. Министрлік мәліметінше, сейсенбі кешінен бері Израиль әскері 46-сы бала 100-ден астам палестиналықты өлтіріп, 10 қазаннан бері күшінде болған атысты тоқтату режимін бұзған.
Ал жексенбі күні Беньямин Нетаньяху министрлер кабинетінде сөйлеген сөзінде АҚШ-тың ара ағайындығымен жасалған атысты тоқтату келісіміне қарамастан Израильдің Газаға «қашан және қай жерде соққы жасайтынын өзі шешетінін» мәлімдеген болатын. Бұл келісім қоршаудағы аймаққа халықаралық қауіпсіздік күштерін орналастыруды көздейді.
Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, соңғы шабуылдарда 78-і бала, 84-і әйел, барлығы 253 адам жарақат алған.
Министрлік деректері бойынша, атысты тоқтату режимі күшіне енгеннен бері Израиль шабуылдарынан кем дегенде 211 адам қаза тауып, 597 адам жараланған.
2023 жылдың қазан айынан бері Израильдің Газаға жасаған шабуылдарында 68 мыңнан астам адам қаза тапты, 170 мыңнан астамы жараланды.