Оңтүстік Корея Түркияның жаһандық рөлін жоғары бағалады

Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі Чо Хён Түркияның жаһандық жеткізу тізбектеріндегі стратегиялық маңызына назар аударды.

By
Оңтүстік Корея Түркияның жаһандық рөлін жоғары бағалады / AA

Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі Чо Хён Түркияның жаһандық аренадағы стратегиялық маңызы барған сайын артып келе жатқанын айтып, Сеул мен Анкара арасындағы ынтымақтастықтың әсіресе қорғаныс өнеркәсібі саласында артқанын мәлімдеді.

Жұма күні Анадолы агенттігіне берген сұхбатында Чо екі ел өздерінің қуатты қорғаныс әлеуеті бар бағыттарда халықаралық ұстанымдарын нығайтып жатқанын жеткізді. Ортақ жобалардың жалғасып жатқанын айтқан министр әсіресе «Аltay» әскери танк жобасына назар аударды.

Болашақтағы ынтымақтастыққа қатысты оң көзқарас білдірген Чо бұл әріптестік тек екі елдің қорғаныс өнеркәсібі мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, өңірлік және жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға да елеулі үлес қосатынын айтты.

Түркияның қорғаныс секторындағы ілгерілеу

Чо жуырда Оңтүстік Корея мен Түркия көшбасшылары арасында өткен кездесулерді еске салып, тараптардың қорғаныс өнеркәсібінде жаһандық деңгейде позицияларын одан әрі нығайтуға бағытталған ұстанымдарын растағанын айтты. Министр өзара сенім негізінде бірлескен өндіріс, технологиялық ынтымақтастық және кадр даярлау, оқыту, алмасу бағдарламалары бойынша әріптестікті тереңдету жөнінде келісімге келгендерін жеткізді.

«Түркияның қорғаныс өнеркәсібін күшейтуге бағытталған ұзақ мерзімді, әрі табанды күш-жігерін жіті бақылап отырмыз», - деген Чо Түркияның өткен жылы қорғаныс экспортының алғаш рет 10 млрд доллардан асуын және осы уақытқа дейінгі ең ірі қорғаныс өнеркәсібі көрмесі «IDEF»-ті өткізуін  ілгерілеудің нақты дәлелі деп бағалады.

Сондай-ақ Чо Оңтүстік Кореяның сыртқы саясатта прагматикалық ұстанымды басшылыққа алатынын атап өтіп, АҚШ-Қытай бәсекесінде қарапайым тепе-теңдік саясатын ұстанбайтынын, ұлттық мүдделерді кешенді, әрі көпқырлы тұрғыдан бағалайтынын айтты. Ол Қытаймен тең құқықты ынтымақтастық арқылы жаңа даму бағыттарын іздеп жатқанын, ал жоғары технология салаларында АҚШ-пен әріптестікті күшейту арқылы өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат ететіндерін мәлімдеді.

Түркиямен «терең сенім мен достық»

Чо Түркияның Оңтүстік Корея тарихында айрықша орны бар екенін атап өтіп, Корей соғысы кезінде Анкара Оңтүстік Кореяның еркіндігі мен демократиясын қорғау үшін шамамен 20 мың сарбаз жібергенін еске салды. Министрдің айтуынша, осы ортақ мұра екі ел арасындағы терең сенім мен достықтың негізін құрайды.

Чо сондай-ақ осы тарихи байланысқа сүйенген екіжақты ынтымақтастықтың саяси, экономикалық және мәдени салаларда тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, Ли Чжэ Мённың өткен жылы 13 жыл үзілістен кейін Түркияға жасаған алғашқы ресми сапары стратегиялық әріптестікті ілгерілету және жоғары деңгейдегі диалогты арттыру бағытында маңызды бетбұрыс болған.

Сауда, өңірлік дипломатия және арағайындық

Чо сауда байланыстарының да нығайғанын айтып, 2013 жылы күшіне енген Түркия-Оңтүстік Корея Еркін сауда келісімі аясында екіжақты сауда айналымы 2023 жылы рекордтық деңгейге (10,4 млрд доллар) жеткенін мәлімдеді. Министр қорғаныс, ядролық энергетика, биотехнология, жаңартылатын энергия және жасанды интеллектті қоса алғанда болашағы зор салаларда ынтымақтастықты кеңейту көзделіп отырғанын атап өтті.

Өңірлік мәселелерге тоқталған Чо Солтүстік Кореямен диалог арналарын қайта жандандыруға бағытталған күш-жігер жалғасып жатқанын, Корей түбегіндегі шиеленісті бәсеңдету және сенімді қайта қалпына келтіру үшін ұзақ мерзімді шешім қажет екенін айтты. Министр бейбіт өмір сүруді қолдайтын елдермен, оның ішінде Түркиямен ынтымақтастыққа басымдық беретіндерін жеткізді.

Чо сондай-ақ Газадағы атысты тоқтату келісімін құптайтындарын білдіріп, Түркияның арағайындық бастамаларына алғысын айтты. Екі мемлекет шешімін қолдайтындарын және гуманитарлық көмекті үздіксіз жалғастыру қажеттігін  жеткізді. Министр Украинаға қатысты да ұстанымдарының өзгермегенін айтып, оның егемендігі мен аумақтық тұтастығына құрмет көрсетілуі керек екенін атап өтті.

Стратегиялық орталық ретінде Түркия

Министр Түркияны Еуропа мен Таяу Шығысты байланыстыратын стратегиялық торап ретінде сипаттап, Анкараның жаһандық жеткізу тізбектерін әртараптандыру және өңірлік өндіріс хабтарын қалыптастыру үдерісінде барған сайын маңызды рөл атқарып келе жатқанын айтты. Қазірдің өзінде Түркияда 200-ден астам кореялық компания инвестиция салғанын атап өткен Чо экономикалық ынтымақтастықты арттыру үшін саяси қолдау жалғаса беретінін жеткізді.

Сондай-ақ Чо 2027 жылы дипломатиялық қатынастардың 70 жылдығы атап өтілетінін еске салып, жастар арасында алмасу бағдарламалары, туризм және мәдени ынтымақтастық арқылы халықтар арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту көзделіп отырғанын мәлімдеді.