АҚШ соққы берген кемеде 104 ирандық сарбаз қаза тапты
Иран армиясы кемеге Шри-Ланка жағалауында шабуыл жасалғанын хабарлады.
Иран армиясының мәліметінше, өткен аптада америкалық шабуыл салдарынан Иранның “IRIS Dena” әскери кемесінің 104 экипаж мүшесі қаза тауып, 32 адам жараланған.
Вашингтон америкалық суасты қайығы Иран кемесіне қарсы торпедалық шабуыл жасағанын растады.
Шри-Ланка билігі Галле қаласының оңтүстік жағалауында кемеден көмек шақыру сигналын алғаннан кейін бірлескен құтқару операциясын бастағанын хабарлады. Сондай-ақ 32 экипаж мүшесінің жараланып, жергілікті ауруханаға жеткізілгенін қосты.
Ирандық шенеуніктердің айтуынша, бұл шабуыл АҚШ пен Израильдің 28 ақпанда басталған Иранға қарсы кең ауқымды әуе соққыларын жалғастырып жатқан кезде болды.
Тегеран бұған жауап ретінде Израиль, Ирак, Иордания және Парсы шығанағы елдеріндегі АҚШ әскери нысандарына зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен соққы берді.