Бейбітшілік кеңесінің арнайы өкілі Газадағы жағдайдың өте ауыр екенін ескертті
Николай Младенов БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде сөйлеген сөзінде негізгі қызметтердің соғысқа дейінгі деңгейден әлдеқайда төмен екенін және денсаулық сақтау жүйесінің толық күйреу қаупімен бетпе-бет тұрғанын мәлімдеді.
Газа бойынша Бейбітшілік кеңесінің жоғары лауазымды өкілі Николай Младенов Газадағы жағдайдың «аса ауыр» екенін айтты.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Палестина мәселесіне арналған отырысында сөз сөйлеген Младенов: «Бірінші кезеңнің жүзеге асырылуымен белгілі бір ілгерілеу болғанына қарамастан, Газадағы жағдай аса ауыр», – деді.
Ол: «Негізгі қызметтер соғысқа дейінгі деңгейден әлдеқайда төмен. Денсаулық сақтау жүйесі күйреу алдында. Қалыпты экономика жоқ», – деп қосты.
Младенов үш шұғыл басымдықты атап өтті. Оның айтуынша, бірінші кезектегі мәселе – Рафах шекара өткелінің ашық қалуы және адамдардың Газаға кіріп-шығуына мүмкіндік беру. Ол «Өткел жұмысына енгізілетін кез келген шектеу атысты тоқтатудың екінші кезеңін жүзеге асыруға тікелей кедергі келтіреді»,- деп ескертті.
Ол қазіргі жеткізілім көлемі қажеттілік деңгейіне сай емес екенін айтып, Газаға кіретін жүк көліктерінің санын арттыру қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ арнайы өкіл: «Инфрақұрылым дайын, бірақ қолжетімділікті жақсарту керек. 2 миллионнан астам адам ауыр жағдайда өмір сүруді жалғастыра алмайды», – деп уақытша баспана мәселесін жедел шешуге шақырды.
Гуманитарлық көмек тапшылығы жалғасуда
«Ешбір жоспар мінсіз болмайды», – деген Младенов атысты тоқтату келісімінің толық орындалуын талап етті. Бұл құжаттың қарусыздану, қайта қалпына келтіру, азаматтық басқаруға көшу және Палестина институттарын қайта біріктіруді кезең-кезеңімен қарастыратынын айтты.
«Егер біз израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы бейбітшілікті ілгерілетуге шын мәнінде мүдделі болсақ, онда бұл жоспарды жүзеге асыруға да дәл сондай байыппен қарауымыз керек», – деген Николай Младенов АҚШ-тың гуманитарлық көмек көрсету ісінде жеткіліксіз нәтижеге қол жеткізгенін мойындады.
Сол отырыста АҚШ елшісі Майк Уолтц: «Әрине әлі де көп жұмыс істеу қажет. Алдымызда еңсеретін ұзақ жол бар», – деп Вашингтонның Газадағы және Газаның ішінде гуманитарлық көмекке қолжетімділікті арттыру үшін осы мекемедегі серіктестерімен күн сайын жұмыс істеп жатқанын айтты.
Уолтц сондай-ақ тұрақты баспана мен денсаулық сақтау қызметтеріне қажеттілік бар екенін атап өтіп, соңғы айларда Газаға апта сайын 4 мыңнан астам гуманитарлық жүк көлігі кіргенін, алайда бұл көрсеткіштің кейіннен төмендегенін жеткізді.