АҚШ-та жойқын дауыл болды. Табиғи апаттан бірінші кезекте Пенсильвания, Мэриленд және Вирджиния штаттары зардап шекті, аталған аймақтарда жалпы алғанда 835 мың 278 үй мен ғимарат қараңғыда қалды.
«FlightAware» интернет-порталының мәліметінше, қолайсыз ауа райына байланысты ел аумағында 400-ден астам авиарейс тоқтатылып, 2 мыңнан астам ұшу уақыты кешіктірілген.
АҚШ Федералдық авиация басқармасы Вирджиниядағы Рональд Рейган атындағы Вашингтон ұлттық әуежайы мен Нью-Йорктегі ЛаГвардия әуежайын қоса алғанда, бірнеше әуе айлағында ұшу-қону операцияларын уақытша тоқтатты.
Екі штатта төтенше жағдай жарияланды
Нью-Джерси штаты мен Нью-Йорктің бірқатар ауданында дауыл салдарынан төтенше жағдай режимі енгізілді.
Дауыл соққан штаттарда нөсер жауын соңы су тасқынына ұласты.
Тынық мұхиты жағалауындағы «King Tides» құбылысы
Сонымен қатар елдің батыс бөлігінде, Тынық мұхиты жағалауында «King Tides» деп аталатын аса ірі табиғи толысу құбылысы байқалуда.
Калифорнияда соңғы бір апта бойы Ай мен Күннің тартылыс күштерінің бір сызық бойында тоғысуынан мұхит деңгейі күрт көтеріліп, алапат су тасқыны жүріп жатыр.
Мамандардың айтуынша, биылғы мұхит суын жылытып, оның көлемін ұлғайтатын «супер Эль-Ниньо» құбылысы бұл табиғи процесті тіпті күшейте түскен.
«King Tides» салдарынан Калифорнияның солтүстігіндегі Бей-Ареа (Шығанақ аймағы) өңіріндегі Пасифика, Милл-Вэлли, Ларкспур, Саусалито және Корте-Мадера сияқты жағалаудағы қалаларда ондаған үй мен көшені су басты.
Аймақтағы толқын биіктігі 2 метрден асып, Сан-Диего мен Лос-Анджелес арасындағы теміржол қатынасы уақытша тоқтатылды.














