Қытай Жер орбитасына шығатын алғашқы пәкістандық ғарышкер және Қытайдың «Тяньгун» ғарыш станциясына баратын алғашқы шетел азаматы Мұхаммад Зишан Алимен бірге «Шэньчжоу-24» экипажын ғарышқа ұшырды.
Қытайдың басқарылатын ғарыш бағдарламасы агенттігінің (CMSA) мәлімдемесіне сәйкес, ғарыш кемесі елдің солтүстік-батысындағы Цзюцюань ғарыш айлағынан ұшырылды.
40 жастағы Али қытайлық экипаж командирі Тан Хунбо және бортинженер У Имен бірге қызмет атқарады.
Ғарыш станциясында шамамен бір апта болып, ғылыми тәжірибе жүргізетін Али кейін «Шэньчжоу-23» ғарыш кемесімен Жерге оралады.
Миссия барысында экипаждың 90-ға жуық ғылыми тәжірибе жүргізуі жоспарлануда.
Қарқынды дайындық
Ғарыш миссиясы Қытай мен Пәкістан арасында 2025 жылдың ақпанында қол қойылған ғарыш саласындағы екіжақты ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылуда.
Келісім аясында Али және ғарышкерлікке тағы бір үміткер Хуррам Дауд Қытайда жеті ай бойы қарқынды дайындықтан өтті. Дайындық аяқталғаннан кейін миссияға Али таңдалды.
Пәкістандық саяхатшы Намира Салим 2023 жылдың қазанында “Virgin Galactic” компаниясының коммерциялық ғарыш рейсімен суборбиталық кеңістікке шыққанымен, Али Жер орбитасына шыққан алғашқы Пәкістан азаматы болмақ.
Қытай 2022 жылдың қарашасында «Тяньгун» ғарыш станциясының үш модульден тұратын негізгі құрылымын аяқтады. Жердің төменгі орбитасында орналасқан станцияда қытайлық ғарышкерлер тұрақты түрде жұмыс істейді.













