Президент Ердоған Таяу Шығыстағы қақтығыстарды тоқтатуға шақырды
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ирандағы бейбіт тұрғындар мен жазықсыз балалардың қақтығыстың ауыр зардабын тартып жатқанын көру қатты қынжылтатынын айтты.
Президент Ирандағы адам шығынына байланысты қатты алаңдаушылық білдіріп, атысты тоқтату үшін дипломатиялық күш-жігерді күшейтетіндерін мәлімдеді.
Дүйсенбі күні Анкарада өткен іс-шарада президент: «Көрші, әрі бауырлас ел ретінде Иран халқының қайғысына ортақпыз. Әр соғыста болғандай мұнда да қақтығыстың бар ауыртпалығын бейбіт тұрғындар мен бейкүнә сәбилердің көтеріп жатқанын көру ˗ өте ауыр», – деді.
Ердоған Түркияның атысты тоқтату және өңірде тұрақтылық толық қалпына келгенге дейін барлық деңгейде байланыстарын күшейтетінін атап өтті.
Сондай-ақ ол сенбі күнінен бері бірқатар елдің көшбасшысымен жан-жақты келіссөз жүргізілгенін еске салып, «Біз бейбітшілікті қолдаймыз. Қан төгілмесін, көз жасы тыйылсын, өңіріміз көптен күткен тұрақтылыққа қол жеткізгенін қалаймыз», – деді.
Президент Түркияның басты мақсаты – атысты тоқтату және диалогқа жол ашу екенін баса айтты. Ол «Егер қажетті шаралар қабылданбаса, қақтығыс аймақтық және жаһандық қауіпсіздікке елеулі әсер етуі мүмкін. Осындай қақтығыстардан туындайтын экономикалық және геосаяси белгісіздік баршаға ауыр әсер етеді. Сондықтан өрттің одан әрі өршуіне жол бермей, дер кезінде сөндіру қажет», – деді.
НАТО Бас хатшысымен телефон әңгімесі
Ердоған сондай-ақ Иранға жасалған шабуылдар мен қақтығыстардан кейін НАТО-ның Бас хатшысы Марк Рюттемен телефон арқылы сөйлесті.
Түркия Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасының мәліметінше, Ердоған Рюттеге Түркияның өңірдегі қақтығыс үдерісін жіті бақылап отырғанын және бейбітшілік үшін дипломатияға мүмкіндік берудің маңызды екенін жеткізген.
Президент Ердоған Анкарада өтетін НАТО көшбасшылары саммитіне дайындық жалғасып жатқанын атап өтіп, Түркия саммитті лайықты деңгейде өткізетінін мәлімдеді.
Сенбі күні АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды шабуыл бастады. Шабуыл салдарынан Иранның бірқатар жоғары лауазымды тұлғасы, оның ішінде рухани жетекшісі Әли Хаменеи де қаза тапқаны хабарланған болатын.
Тегеран Парсы шығанағындағы АҚШ-пен байланысты нысандарға ұшқышсыз әуе аппараттары мен зымырандар арқылы қарымта соққы берді. Бұл шабуыл салдарынан көптеген адам қаза тапты. Алты америкалық әскери қызметкер көз жұмып, бірнешеуі ауыр жараланды.
Иранның Қызыл Жарты ай қоғамы сенбіден бері АҚШ пен Израильдің әуе шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 555-ке жеткенін хабарлады.