Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадан телекөпір арқылы Қызылорда–Сексеуіл, Ұлғайсын–Сексеуіл және Бейнеу–Сексеуіл автомобиль жолдары жобаларының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Президент Тоқаев көлік-логистика саласы Қазақстан экономикасының өсуіне серпін беретін негізгі күштердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба аясында Каспий теңізі маңындағы Бейнеу мен Арал өңіріндегі Сексеуілді байланыстыратын жаңа автомобиль жолы салынады.
Мемлекет басшысы жаңа жолдың ұзындығы 800 шақырым болатынын айтып, бұл бағыт ел ішіндегі көлік қатынасын нығайтып қана қоймай, халықаралық жүк тасымалы үшін де стратегиялық дәлізге айналатынын атап өтті.
Тоқаев автомобиль жолы Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Каспий жағалауындағы Ақтау және Құрық порттарымен тікелей байланыстыратынын мәлімдеді.
«Осы жобаның арқасында Қытайдан Еуропаға автомобиль жолымен жүк тасымалдау бағыты шамамен 1000 шақырымға қысқарып, жеткізу мерзімі үш күнге дейін азаяды», – деді президент.
Мемлекет басшысы осыған байланысты Бейнеу–Сексеуіл бағытын «Арал–Каспий автожолы» деп атау орынды болатынын айтып, жобаның Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік рөлін одан әрі күшейтетінін жеткізді.
Тоқаев отандық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалардың құрылыс кезеңінде 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылатынын атап өтті. Автомобиль жолдары пайдалануға берілгеннен кейін жылдық жүк тасымалы көлемі 2,5 есе артып, 13,2 миллион тоннаға жетпек.
Президент Арал өңірінде салынатын жаңа жолдар осы уақытқа дейін тұйық саналған бағыттарды Еуразиядағы маңызды көлік тораптарына айналдыратынын атап өтіп, жобаларды 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау қажеттігін айтты.






















