Филиппиннің орталық бөлігінде болған қуатты жер сілкінісінен кейін қаза тапқандардың саны сәрсенбі күні 50-ден асты. Себу аралындағы ауруханалар лық толды.
АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) хабарлауынша, сейсенбі түні Бого қаласының солтүстігіндегі шамамен 90 мың тұрғыны бар аймақта магнитудасы 6,9 балдық жер сілкінісі тіркелді.
Себу аймақтық ауруханасының кіреберісінде көк шатырлардың астында балалар мен ересектерге медициналық көмек көрсетілуде. Денсаулық сақтау қызметкерлері қайталанған жер сілкінісі қаупіне байланысты ғимараттан шығарылған науқастарды далада емдеуге мәжбүр болды.
Аурухана қызметкерлері мәйіттерді шағын автобустарға тиеп, жергілікті моргтарға жөнелтті.
Азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары Рафаэлито Алехандроның айтуынша, қазірге дейін 60 адам қаза тапқан. «Қаза тапқандар туралы хабар түсіп жатыр, жағдай өте құбылмалы», – деді ол Манилада журналистерге.
Бого ауруханасы 53 адамның көз жұмғанын, 154 адамның жараланғанын мәлімдеді. Қаза тапқандардың 30-ы Бого қаласының тұрғындары.
Аман қалған Ричард Гуйон есімді 39 жастағы тұрғын 17 жасар ұлының өзімен бірге аяғы сынған жұбайын да құлаған бетон қабырғаның астынан шығарып алғанын айтты. «Бетон құлағанда ұлыма айқайладым. Ол әдеттегідей ерте ұйықтамай, қасымда болғанына қуанамын», - деді ол.
Құтқарушы Тедди Фонтилластың сөзінше, науқастарды Богодан басқа ауруханаларға да тасымалдауға тура келген. «Қиналып жатырмыз, бірақ біз адамдарға көмектесуіміз керек», – деді ол.
Себу аймағының губернаторы Памела Барикватро «Facebook» парақшасында «Ауыр жарақат алғандар көп болғандықтан кейбіріне ауруханадан тыс жерде жәрдем көрсетілді», – деп жазды.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда Себу маңындағы Бантаян аралындағы көне католик шіркеуінің қоңырау мұнарасы құлар алдында қатты шайқалғаны көрінеді. 25 жастағы Мартам Пацилан: «Шіркеу жақтан қатты дауыс естілді, кейіннен тастардың құлағанын көрдім. Ешкім зардап шеккен жоқ», – деді.
Жергілікті телеарналарда Себу көпірінің қатты шайқалуынан мотоцикл жүргізушілерінің көліктерін тастап, қоршауларға жармасып тұрған сәттері көрсетілді.
Сауда орталығы теңселді
Оқиға орнынан алынған мәліметтерге қарағанда, зілзала дүмпуінен Себу қаласына дейінгі 100 шақырымға созылған аумақтағы барлық ғимараттар зақымданған.
Интернет арқылы аяқ киім сататын Джейфорд Маранга есімді тұрғын сауда орталығының металл төбесі құлап кетпесін деп үстелдің астына жасырынғанын айтты. «Досыммен тамақ ішіп отырғанбыз, кенет қатты дыбыс естілді. Әлем айналуын тоқтатқандай болды. Сосын сауда орталығы теңселді», – деді ол.
Себу облысының әкімдігі «Facebook» парақшасы арқылы көмекке медицина саласындағы еріктілерді шақырды. Аймақтық құтқару қызметінің өкілі Уилсон Рамос «AFP» агенттігіне: «Құлаған ғимараттардың астында қалған адамдар болуы мүмкін», – деді.
Құтқару жұмыстары түн бойы жалғасты. Филиппиннің вулканология және сейсмология институты аймақта 379 жер сілкінісінің тіркелгенін хабарлады.
Зілзала кезінде электр желілері үзілді, бұл Себу мен оған көршілес аралдарда жарықтың өшуіне әкелді. Алайда Филиппин ұлттық электр компаниясының соңғы ақпаратына сәйкес, түн ортасынан кейін Себу мен тағы төрт ірі аралда жарық қайта берілді.
Кейбір ауыл жолдары да зақымданды. Табогон қалашығындағы жолдарда 5 сантиметрлік жарықтар пайда болған.
Филиппин - Жапониядан Оңтүстік-Шығыс Азияға және Тынық мұхиты аймағына дейін созылып жатқан, сейсмикалық белсенділігі жоғары Тынық мұхитының «От сақинасы» аймағында орналасқан ел. Мұнда күн сайын жер сілкінісі болады, бірақ олардың көпшілігі адамдар сезбейтіндей әлсіз. Алайда қуатты жер сілкінісі сирек болса да, қашан және қай жерде болатынын алдын ала болжай алатын технология жоқ.