Президент Ердоған Пезешкианға: «Әуе кеңістігіміздің бұзылуы ақталмайды»
Президент Ердоған Анкараның Иранға қарсы жасалған шабуылдарға қарсы екенін және Түркияның дипломатиялық шешім үшін белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған ирандық әріптесі Месуд Пезешкианмен телефон арқылы сөйлесіп, өңірдегі соңғы жағдайларды, соның ішінде Түркияға бағытталған бір зымыранның жойылғанын талқылады.
Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, Ердоған дүйсенбі күні Пезешкиянға: «Қандай себеп болса да Түркияның әуе кеңістігінің бұзылуы ақталмайды. Түркия қажетті шараларды қабылдауды жалғастырады», - деді.
Бұл телефон әңгімесі Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі дүйсенбі күні Ираннан ұшырылған және Түркияның әуе кеңістігіне кірген баллистикалық зымыранның Шығыс Жерорта теңізінде орналасқан НАТО-ның әуе және зымыран қорғаныс жүйелері арқылы жойылғанын мәлімдегеннен кейін болды.
Ердоған сондай-ақ Түркия өзі қатыспаған қақтығыстардан зиян көріп отырғанын ирандық әріптесіне жеткізді.
Президент Анкараның Иранға қарсы шабуылдарды және Иранның өңірдегі басқа елдерді нысанаға алуын қабылдамайтынын атап өтті. Ол бауырлас елдердің нысанаға алынуы ешкімге пайда әкелмейтінін және мұндай әрекеттерді тоқтату қажет екенін айтты.
Көңіл айтты
Президент Ердоған телефон әңгімесінде дипломатияның қажеттігін атап өтіп, Түркияның осы бағытта күш салып жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ Ердоған Иранның оңтүстігіндегі Менаб қаласындағы мектепке жасалған шабуыл салдарынан қаза тапқан балалардың, сондай-ақ басқа да адам шығындарына қатты қайғыратынын айтты.
АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет бұл шабуылдың тергеліп жатқанын мәлімдесе, Израиль оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылдары 28 ақпанда басталды. Шабуылдарда Иранның рухани көсемі Әли Хаменей мен бірқатар жоғары лауазымды тұлға қаза тапқаны хабарланды.
Президент Ердоған Әли Хаменейдің отбасына көңіл айтып, Моджтаба Хаменейдің жаңа рухани көсем болып сайлануы өңірде бейбітшілік орнатуға себеп болады деп үміттенетінін жеткізді.
Ал Пезешкиан Түркияның әуе кеңістігіне кірген зымырандардың Ираннан ұшырылмағанын айтып, бұл мәселеге байланысты жан-жақты тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.