Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоғлу Түркияның теміржол инфрақұрылымы туралы мәлімет берді.
Соңғы 25 жылда Республика кезеңіндегі теміржол желісінің толықтай жаңартылғанына назар аударған Уралоғлу: «2002 жылы 10 мың 948 шақырым болған теміржол желімізді 2026 жылы 30 пайызға ұлғайтып, 14 мың 272 шақырымға жеткіздік. Электрлендірілген желілердің ұзындығы 2002 жылы 2 мың 122 шақырым еді, биылғы жағдай бойынша бұл бағыттағы инвестициямызды да арттырып, 259 пайызға өсіру арқылы 7 мың 627 шақырымға жеткіздік», – деді.
Уралоғлу теміржол саласында жылдамдыққа да ерекше мән беріліп отырғанын атап өтіп, 2002 жылы бұл бағытта ешқандай жұмыс жүргізілмегеніне қарамастан, 2026 жылы жүрдек пойыз желілерінің ұзындығын 2 мың 604 шақырымға жеткізгендерін айтты.
Қалаішілік рельсті көлік жүйелерін дамыту жұмыстарының да жалғасып жатқанына тоқталған Уралоғлу: «Елімізде 2002 жылы 281 шақырым болған қалаішілік рельсті көлік желісін бүгінде салған инвестицияларымыздың арқасында 276 пайызға арттырып, 1056 шақырымға жеткіздік», – деп мәлімдеді.
Тағы 18 қала жүрдек теміржол желісіне қосылады
Уралоғлу Түркиядағы теміржол желілерінің 11 мың 668 шақырымы дәстүрлі, ал 2 мың 604 шақырымы жүрдек пойыз желісі екенін жеткізді.
Елде құрылысы жалғасып жатқан теміржол жобаларының ұзындығы 4 мың 724 шақырымды құрайтынын хабарлаған Уралоғлу: «8 мың 458 шақырымдық теміржол бойынша жобалау жұмыстары аяқталды. 3 мың 985 шақырымдық бағытта жобалау жұмыстары жалғасуда. Барлық жобалар іске асқан кезде еліміздің теміржол желісінің ұзындығы 31 мың 439 шақырымға жетеді», – деді.
Уралоғлу теміржол арқылы жолаушылар тасымалын жоғары жылдамдықты пойыздармен дамытып жатқандарын атап өтіп, қазіргі таңда 14 қалаға тікелей жүрдек теміржол арқылы қатынауға болатынын айтты.
Қазіргі уақытта жүрдек теміржол желісі бар және болашақта қосылатын қалалар туралы ақпарат берген Уралоғлу сөзін былай түйіндеді:
«Стамбул, Коджаэли, Ескишехир, Йозгат, Кыркларели, Анкара, Кония, Караман, Сивас, Текирдаг, Сакария, Биледжик, Кырыккале, Едирне қалаларына жолаушыларымызды тікелей жүрдек теміржол пойыздарымен жеткізіп отырмыз. 2030 жылы бұл қалалардың қатарына Бурса, Чорум, Кайсери, Нигде, Измир, Ушак, Балыкесир, Афионкарахисар, Мерсин, Адана, Османие, Газиантеп, Адыяман, Маниса, Малатия, Кахраманмараш, Ығдыр, Карс сынды тағы 18 қаланы қосамыз және 32 қаламызға тікелей жүрдек теміржол арқылы жолаушы тасымалдауға мүмкіндік туады. Бурсадан Карсқа дейін тағы 18 қала жүрдек теміржол желісімен қауышады».













