Ирак соты террористік «ДАИШ» ұйымына мүше болғаны үшін Францияның 8 азаматын өмір бойы, ал 2 азаматын 15 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Ирактың сот дереккөздерінің мәліметінше, террористік «ДАИШ» ұйымына қатысы бар деген күдікпен Сирияда ұсталып, Иракқа жеткізілген Францияның 47 азаматына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтті.
Сот «ДАИШ» ұйымына мүше болғаны үшін Францияның 8 азаматын өмір бойы, 2 азаматын 15 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.
Ал 10 айыпталушыға қатысты шешімді кейін қабылдау туралы ұйғарым жасалды.
Айыпталушыларға қатысты сот процесі қыркүйек айында басталған болатын.
Бұған дейінгі сот отырыстарында іс бойынша айыпталғандардың 15-іне өмір бойына бас бостандығынан айыру, ал 1-іне 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді.
Сот процестері барысында айыпталушылардың басым бөлігі өздеріне тағылған айыптарды мойындап, ұйым қатарына қосылғандарына өкінетіндерін білдірген.
Кейбір сотталушылар өздерін Францияға экстрадициялауды талап етсе, енді біреулері қарулы әрекеттерінің тек Сирия аумағында ғана жүзеге асқанын алға тартып, Иракта сотталуларына қарсылық білдірген болатын.
Ал Ирак үкіметі терроризмге қарсы күрес туралы заңды негізге ала отырып, «ДАИШ» қатарына қосылу ұйымның әрекеттері Иракта немесе Сирияда жүргізілгеніне қарамастан қылмыс болып саналады деген уәжбен айыпталушыларды соттап отыр.














