Арықтататын инъекциялар өлімге әкелуі мүмкін
ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ ТУРИЗМ
4 ... минут оқылды
Арықтататын инъекциялар өлімге әкелуі мүмкін“Instagram”, “TikTok” және басқа барлық жерде осы инъекцияларға қатысты видео, пікір, ұсыныстарды көреміз. «Тез арықта!», «Ғажайып шешім!», «Бар болғаны бір ине!»…
Арықтататын инъекциялар / Reuters
7 Қаңтар 2026

Тақырыбымыз: “Арықтататын инъекциялар”.

“Instagram”, “TikTok” және басқа барлық жерде осы инъекцияларға қатысты видео, пікір, ұсыныстарды көреміз. «Тез арықта!», «Ғажайып шешім!», «Бар болғаны бір ине!»…

Ал шындығында бұл не? Бұл инъекциялар расымен ғажайып па, әлде ішінде жасырын қауіп бар ма?

Бүгін осы сұрақтарға Анкара оқыту және зерттеу ауруханасының эндокринология және зат алмасу аурулары жөніндегі маманы, профессор Мұстафа Алтайдың түсіндірмелері арқылы жауап беруге тырысамыз.

Әлеуметтік желілер және жалған ақпарат

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде кең таралған арықтататын инъекциялар тез салмақ тастау уәдесімен миллиондаған адамның назарын аударды. Әсіресе белгілі адамдар қолданады деген қауесеттер бұл препараттарға деген сұранысты одан әрі арттырды.

Профессор доктор Алтай бұл қауіпті былай түсіндіреді: «Белгілі тұлғаларға қатысты алып-қашпа әңгімелердің көбеюіне байланысты бізге келетін науқастар саны күрт өсті».

Ал науқастардың талабы қандай екенін білесіз бе?
“ ‘Бір ине бар екен, бірден арықтатады дейді, соны қолданғым келеді’ деген өтініштер өте көп», -дейді маман.

Профессор Алтайдың айтуынша, әлеуметтік желінің ықпалымен қоғамда ақпараттық ластану аса жоғары деңгейге жеткен. Ал бұл адам өміріне тікелей қауіп төндіреді.

Арықтататын инъекция деген не?

Профессор доктор Алтай түсіндіреді: «Арықтататын инъекциялар — 2-типті қант диабетін емдеуде, сондай-ақ өмір салтын өзгерту мен дене жаттығуларына қарамастан салмақ тастай алмаған семіздікке шалдыққан науқастарға қолданылатын емдеу әдістерінің бірі».

Назар аударыңыз: «семіздікке шалдыққан науқастар» деп отыр.
Ал семіздік дегеніміз не? Алтайдың айтуынша, дене салмағының индексі 25-тен жоғары болса — артық салмақ, ал 30-дан жоғары болса — семіздік деп есептеледі.

Яғни бұл дәрі «аздап арықтағым келеді» деген адамдарға арналмаған.
Бұл — семіздік сияқты күрделі медициналық жағдайды емдеуге арналған әдіс.

Ең бастысы, маман мынаған ерекше назар аударады:
«Тиісті науқастарда жақсы нәтиже беруі мүмкін, бірақ міндетті түрде дәрігердің бақылауымен қолданылуы керек».

Бұл инъекцияны кімдер қолдана алады?

Енді өте маңызды мәселеге тоқталайық. Бұл инъекцияны кез келген адам қолдана ала ма? Жоқ, қолдана алмайды.

Профессор Алтай қолданар алдында жасалуы тиіс тексерулерді былай тізбектеді:
«Бұл инъекцияны қолдану үшін адамның бүйрегі, бауыры, ұйқы безінің сау болуы, ауыр жүрек жеткіліксіздігі болмауы, отбасында қалқанша без обыры немесе кейбір эндокриндік синдромдардың болмауы қажет».

Көріп отырғаныңыздай, бұлар — өте маңызды медициналық сараптаулар.
Сондықтан профессор Алтай мынадай ескерту жасайды: «Менің аздап артық салмағым бар, бұл дәріні өзім-ақ қолдана салайын, дәрігерден сұраудың қажеті жоқ, қалай болғанда да ақшасын төлеп, табуға болады» деген көзқарас — мүлде қате.

Жанама әсерлерге тоқталайық

Жанама әсерлерді елемеуге болмайды, олар өте қауіпті болуы мүмкін.

Профессор Алтай: «Бұл дәрілердің асқазан-ішек жүйесіне, өт қабына, ұйқы безіне байланысты жанама әсерлері болуы мүмкін. Сонымен қатар 2-типті қант диабеті бар, ұзақ уақыт инсулин қолданған және диабетке байланысты көз асқынулары дамыған науқастарда арықтататын инъекцияны қолдану көзге қатысты қосымша жағымсыз әсерлерге әкелуі мүмкін екені хабарланған», -дейді.

Сондықтан отбасында ұйқы безі аурулары болған, қалқанша без түйіндері немесе өт тастары бар науқастар міндетті түрде эндокринолог маманның тексеруінен өтуі тиіс.

Жалған дәрілер өлімге апарады

Енді ең қорқынышты тақырыпқа келдік: жалған дәрілер.

Профессор Алтай заңсыз, жасырын қолданылатын әдістер туралы былай дейді:
«Бұл препараттар инсулин сияқты егілетін болғанымен, инсулин емес. Алайда инсулин арықтататын ине деген жапсырма жасап, заңсыз түрде қолдану науқастардың денсаулығына зор қауіп төндіреді. Адам өзін арықтататын инъекция ектім деп ойлайды, ал шын мәнінде жалған дәрінің ішінде инсулин болады. Бұл қандағы қантты өте қауіпті деңгейге дейін шығаруы мүмкін».

Ойлап көріңіз: сіз арықтататын ине салдырдым деп ойлайсыз, ал шын мәнінде ағзаңызға инсулин түсіп жатыр.

Ал бұның салдары қандай? Тыңдаңыз:
«Бұл инъекцияларды адамдар артық салмақ үшін қолданғысы келеді, бірақ диабеті жоқ, яғни қанда қант деңгейі қалыпты. Мұндай жағдайда жалған дәрідегі инсулин қан қантын қалыпты деңгейден төмен түсіріп, комаға, тіпті науқастың өліміне де әкелуі мүмкін».

Иә, дұрыс естідіңіз, өлімге дейін апаруы мүмкін.

Жалған дәрілердің басқа да қауіптері бар:
Профессор доктор Алтай былай дейді: «Жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарды жансақтау бөліміне түсіретін жағдайға жеткізуі мүмкін. Көру қабілетіне байланысты жанама әсерлер пайда болуы ықтимал. Аллергиялық реакциялар туындауы мүмкін».

Бүгін айтылғандарды қысқаша түйіндейік:

Арықтататын инъекциялар дұрыс көрсетілім бойынша және маманның бақылауымен қолданылғанда семіздікті емдеуде тиімді нәтиже беруі мүмкін.
Алайда бұл — жай косметикалық өнім емес, медициналық бақылауды қажет ететін күрделі емдеу әдісі. Әлеуметтік желідегі жалған ақпарат пен тез нәтиже күту көптеген адамды бұл дәрілерді санасыз түрде қолдануға және жалған өнімдерге итермелейді.

Профессор доктор Алтай атап өткендей, салмақ мәселесі бар адамдар ең алдымен эндокринолог маманға жүгініп, қажетті тексерулерден өтіп, тек содан кейін тиісті рұқсат берілсе, осы емді бастауы аса маңызды.

Есте сақтаңыз: Денсаулыққа келгенде, қысқа жолдар емес, ғылыми негізделген әрі қауіпсіз әдістер таңдауымыз тиіс.

Әлеуметтік желіде көргеннің бәріне сене бермеңіз. Өз денсаулығыңызға қатысты шешімдерді әрдайым мамандармен бірге мұқият қабылдаңыз.