Таяу Шығыс бойынша сенімге негізделген келісім ұсынды
Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Анкараның қазіргі ұстанымы Газада жалғасып жатқан бейбітшілік процесіне гуманитарлық, әскери немесе саяси тұрғыдан мүмкін болғанның бәрімен үлес қосу екенін айтты.
Хакан Фидан Таяу Шығыста қорқыту саясатына емес, өзара сенімге негізделген қауіпсіздік тетіктері қажет екенін атап өтіп, тұрақтылық пен аймақтық ынтымақтастықтың инклюзивті болуы тиіс екенін, ал мұның бірде-бір жеке күштің үстемдігі орнамаған жағдайда ғана мүмкін болатынын айтты.
“Al Jazeera” басылымына берген сұхбатында Фидан Парсы шығанағы елдері арасындағы қауіпсіздік ынтымақтастығының басты мәселесін «сенімнің жетіспеушілігі» деп атады.
Еуропалық Одақты мысал келтіре отырып Фидан аймақ елдерінің де жауапкершілікпен бірлесе алатынын айтты. «Еуропалық Одақтың нөлден бастап бүгінгі күнге дейін қандай құрылым қалыптастырғанына қараңыз. Неге біз де соны істей алмаймыз?» - деді ол.
Сыртқы істер министрі Сауд Арабиясы мен Пәкістан арасындағы қорғаныс пакті және Түркияның оған қосылу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бере отырып, аймақтағы кез келген келісімнің мүмкіндігінше инклюзивті болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы қағидаттарға негізделген жағдайда кең ауқымды аймақтық ынтымақтастыққа жол ашылады.
«Үстемдік болмайды. Түрік үстемдігі де, араб үстемдігі де, парсы үстемдігі де. Ешқандай үстемдік болмайды», - деді Фидан.
Сириядағы атысты тоқтату
Сирия мәселесіне тоқталған Фидан Түркияның атысты тоқтату үдерісін жеңілдету үшін қолдан келген барлық шараны іске асырып жатқанын айтты.
«Атысты тоқтату үдерісі жалғасып жатыр және бұл АҚШ күштеріне ДАИШ тұтқындарын Сириядан Иракқа көшіруге мүмкіндік беріп отыр. Менің ойымша, барлығы бұған қолдау көрсетуі керек», - деді ол.
«Түркия ретінде америкалықтармен бірге бұл үдерісті шын мәнінде жеңілдету үшін бар күшімізді салып жатырмыз», - деген Фидан тараптар арасындағы үйлестіру атысты тоқтатудың бұзылмауы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
АҚШ пен Сирия
Фидан бұған дейін Түркия мен АҚШ арасындағы шиеленіс нүктесі болған Сирия мәселесіне де тоқталып, АҚШ президенті Дональд Трамптың сыртқы саясаттағы қадамдары белгілі бір айырмашылық әкелгенін айтты. Ол Газада атысты тоқтатуға қол жеткізу және Ресей–Украина соғысын тоқтату әрекеттеріне назар аударды.
«Сирия мәселесіне келетін болсақ, көзқарасымыздың көп жағынан сәйкес келетінін байқаймын. Трамп әкімшілігі жаңа сириялық үкіметтің өз мәселелерін өзі шешуін және халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі болуын қалайды», - деді Фидан.
Ол сондай-ақ Дамаск үкіметінің халықаралық және аймақтық қауымдастықтың талаптарына жақсы жауап беріп отырғанын атап өтті.
Газадағы бейбітшілік күш-жігері және арағайындық
Фидан Палестина мәселесіне де тоқталып, Газадағы бейбітшілік жоспары қоршауда қалған аймақтағы дағдарысты шешуге бағытталған күш-жігердің бір бөлігі екенін айтты. Бұл үдеріс қыркүйек айында Нью-Йоркте сегіз мұсылман елінің басшыcы Трамппен кездесіп, геноцидті тоқтатудың жолдарын талқылауынан басталғанын жеткізді.
«Бейбітшілік кеңесін Газадағы күн тәртібін алға жылжыта алатын маңызды алаң деп санаймыз», - деген Фидан бастаманың пікір алмасу, институт құру және келісімдерге келу арқылы дамып жатқанын айтты.
Министр Анкараның қазіргі ұстанымы Газада жалғасып жатқан бейбітшілік үдерісіне гуманитарлық, әскери немесе саяси тұрғыдан мүмкін барлық қолдауды көрсету екенін баса айтты.
Атысты тоқтатудың екінші кезеңі
ХАМАС-тың Газада жергілікті қауіпсіздікті қамтамасыз ете алғанын, алайда ешқашан тежеуші фактор болмағанын айтқан Фидан: «ХАМАС қауіпсіздік күштері Газаны басқару мен жергілікті қауіпсіздік пен полиция қызметін қамтамасыз етуге жеткілікті болды. Бірақ Израильді тежеу мәселесіне келгенде Израиль әрқашан қалаған уақытта әскери операция жүргізе алатын жағдайда болды және әлі де солай», - деді.
Фидан Түркияның Газадағы халықаралық күшке қатысуы жан-жақты келіссөздерге байланысты екенін айтып, елдің Бейбітшілік кеңесі мен Газаның ұлттық комитетінің мүшесі екенін жеткізді.
Иранмен шиеленіс
Фидан Израильдің Иранға ықтимал шабуылы туралы да пікір білдіріп, Тель-Авивтің басты мақсаты Тегеранның маңызды әскери әлеуетін әлсірету екенін, алайда режим ауыстыруға қол жеткізе алатынына күмәнмен қарайтынын айтты.
Ол Иранға шабуыл жасау мен соғысты қайта бастау қате екенін атап өтіп, Иранның ядролық досье бойынша қайта келіссөз жүргізуге дайын екенін білдірді. Фидан америкалықтарға мәселелерді кезең-кезеңімен, ядролық тақырыптан бастап шешу қажет екенін жеткізді.
Сонымен қатар ол Иранға ел ішіндегі әртүрлі идеология және жүйелермен ынтымақтастық жолдарын табу жөнінде кеңес берді.
Украина және НАТО-ның болашағы
Украина мен Ресей арасындағы ықтимал бейбіт келісімге тоқталған Фидан тараптардың келісімге бұрынғыдан да жақын тұрғанын айтып, Түркияның арағайындық рөлін атап өтті.
«Ресей мен Украина арасындағы кез келген бейбіт келісім тек осы екі елдің арасында ғана болмайды, ол Еуропа мен Ресей арасындағы қатынастарды да қамтиды. Сонымен қатар Ресей–АҚШ және Ресей–Еуропа арасындағы экономикалық және сауда қатынастарын қайта айқындайды», - деді ол.
НАТО-ның болашағына тоқталған Фидан Еуропаны қорғаныс әлеуетін арттыруға шақырып, альянстың әлі де «негізгі қауіпсіздік шеңбері» болып қала беретінін айтты.